Ата-ананың разылығы – Алланың разылығы

Барлық мақтау Алла Тағалаға тән. Мақтауға Алладан басқа ешкім лайықты емес. Пайғамбарымызға сансыз салауаттар мен Алланың игіліктері болсын.
Мұсылманның Алла Тағала алдындағы дәрежесін көтеретін Исламдағы амалдардың бірі ата-ананы құрметтеу болып табылады. Бұл амалдың маңыздылығына Алла Тағаланың Құран Кәрімдегі мына аяты дәлел болады.

«Раббың, Өзіне ғана құлшылық етулеріңді және ата-анаға жақсылық жасауларыңды парыз етті», – деген. («Исра» сүресі, 23-аят)
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларына:
«Сендерге күнәлардың ең үлкенін айтайын ба?» дегенде, олар: «Иә Алланың елшісі айтыңыз», деп жауап қатады. Сонда Алла елшісі оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын: «Ол амал- Алла Тағалаға серік қосу және ата-ананы тыңдамау», – дейді. Мұнда Аллаға серік қоспаудан кейінгі біз үшін ең үлкен амал ата – ананы құрметтеу ережесі айқын байқалады.
Сондай-ақ, Аллаға серік қосу қандай үлкен зұлымдық болса, ата-ананы тыңдамау да сондай үлкен зұлымдық болып есептеледі. Бұхариден жеткен хадисте пайғамбарымсыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):
«Сендерге Алла аналарыңды құрметтемеуді харам етті», – деген. Бұл жерде арнайы ана жайлы айтылуда. Тіпті, фиқһ мәселесінде, адам баласы нәпіл намаз оқып тұрған кезде анасы баласын шақырса, намазын үзуге болатындығы жайлы рұқсат бар. Өйткені, ата-анаға жауап беру парыз. Тек қана, парыз намазды үзе алмаймыз, себебі, Алланың ақысы бәрінен жоғары тұрады. Мүслимнің сахихында баяндалғандай, бірде пайғамбарымыз оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын сахабаларымен отырған кезде: «Сендерге Иеменнен бір ру келеді. Солардың ішінде Уайс ибн Амр (табиғин) деген кісі болады. Оның денесінде тері ауруы болады. Сол ауруынан дирхамның көлеміндей жерден басқасын Алла емдеп жіберген. Егер ол Алладан бір нәрсені сұраса, оған сұрағаны міндетті түрде беріледі», дейді де, «оның анасы бар, сол анасына игі қарым – қатынаста еді», деп, сөзін жалғастырады. «Ей Омар, егер шамаң келсе, оны көрген кезіңде, сен одан Алланың күнәларыңды кешіруін сұрап ал», дейді. Осы оқиға олардың есінде қалады. Кейіннен Омар р.а. халифа болған кезінде Иеменнен бір тайпа келеді. Сонда Омар олардан: «Араларыңда Уайс ибн Амр деген кісі барма?», деп сұрайды. Сонда адамдар таң қалысып: «Бар», деп жауап береді. Омар р.а. онымен кездесіп: «Уайс ибн Амр деген сен бе?» деп сұрағанда, ол: «иә», дейді. Омар р.а: «Сен мурад деген рудансың ба?, бойыңда тері ауруы болған екен ғой, Алла дирхамдай жерден басқа жеріңді жазып жіберген екен ғой», дейді. Ол: «иә солай», дейді. Омар р.а: «Сенің анаң бар екен ғой, бұны Алланың елшісі айтып еді, соның негізінде сенен сұрап тұрмын», дейді. Сосын Омар: «Сен Алла Тағаладан мен үшін кешірім сұрашы», дейді. Ол: «Мен сізге сұраймын ба?», деп таң қалады. Омар одан қайта-қайта өтініп, күнәлары үшін Алладан кешірім сұратқызады. Бұл оқиғадан алар ғибратымыз Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқан ол кісінің бойындағы бір ғана амалы анасына игі қарым-қатынасы еді. Бәлкім, сол үшін оның дұғасы әрдайым қабыл болған.
Уайс ибн Амр анасы сырқаттанып, оны күндіз-түні уайымдап, сол кісіге қараймын деп, пайғамбарымызбен оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын кездесуге келе алмаған. Оның анасына деген игі қарым-қатынасының себебінен Алла оның есімін пайғамбарымыздың оған Аланың игілігі мен сәлемі болсын аузына салған екен. Омар р.а. талай жерді ашқан үлкен сахаба. Дінге қаншама еңбек еткен Омардың (р.а.) өзі Уайс ибн Амрға барып, өзіне Алладан кешірім сұратқызуы ата-анаға деген құрметтің Алланың алдында үлкен дәреже екендігін байқаймыз. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):
«Ата-анасын тыңдамаған адамға қияметте Алла оған қарамайды», – деген. Пайғамбарымызға бір кісі келіп: «Ей Алланың елшісі, мен Алладан басқа тәңірдің жоқтығына, сен Алланың құлы әрі елшісі екендігіңе куәлік беремін, бес уақыт намазымды оқимын, малымнан зекет беремін, рамазан оразасын ұстаймын»- дегенде, пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):
«Кімде-кім осы күйде өлсе жәннаттық болады. Пайғамбарлар, шыншылдар және шаһидтермен бірге болады, егер ата-анасына бойсынған болса» дейді. Яғни, кімде-кім ата-анаға бойсынбаған болса, оларға қарсы келіп, ренжіткен болса, басқа амалдарының пайда бермеу қауіпін туғызады екен.
Ибраһим (а.с.) пайғамбардың қиссасында баласы Исмағилге: «Балақайым, мен сені түсімде бауыздап жатқанымды көрдім (яғни Алладан баласын бауыздауға бұйрық келген)»- дегенде, Исмағил: «Әкетайым, Алланың бұйрығын орындаңыз, Алла қаласа мені сабырлылардан табарсыз»- дейді. Сонда баласын байлап, бауыздайын деп жатқанда, баласы Исмағил: «Әкетайым, мені дұрыстап байлаңыз, қозғалып кетпейін, сосын көзімді жауып қойыңызшы, (басқа бір риуаятта денемді төңкеріп қойыңыз деген) әйтпесе, сізге жаман көзбен қарап қоюдан Алладан қорқамын»- деген. Бұл оқиға Алланың Ибраһимге (а.с.) жіберген сынағы екендігін көрсетеді. Осы қиссада Ибраһим (а.с.) баласын бауыздамайды, орнына Алла Тағала көктен қошқар түсіріп, соны бауыздауын әмір етеді.
Десек те, қиссаның бізге берер тәлімдерінің бірі, Исмағил (а.с.) бұл істі Алланың бұйрығы екендігін біліп, әкесіне көркем мәміле жасауы. Бүгінгі қоғамда намазға бет бұрып жатқан жастарымыз көп. Солардың кейбіреуінде мынадай қате пікірлер қалыптасып қалған. Яғни, ата-ана мұсылман болса ғана немесе намаз оқыса ғана бойсыну керек, басқа жағдайда оларға бойсынуға болмайды деген секілді. Бұған байланысты пайғамбарлардың өмірінен мысал келтіретін болсақ, Алла Тағала Құранда Ибраһимнің (а.с.) сөзін келтіреді. Оның (а.с.) әкесі пұтқа табынатын және оларды сататын адам болған. Кейде ол Ибраһимге (а.с.) пұттарды сатып келуін бұйыратын. Сонда әкесіне: «Уа әкетайым, сіз естімейтін, көрмейтін және өздеріне ешқандай пайда бермейтін нәрселерге неге табынасыз. Маған Алла тарапынан білім келді. Мені тыңдасаңыз тура жол табасыз. Шайтанды дос тұтпаңыз. Сізге Алланың азабы келіп, шайтанға дос боп кетуіңізден қорқамын», – деп, «әкетайым» деген сөзді көп айтады. Бұдан ұғарымыз, ата-ана мұсылман болсын, мейлі басқа дінде болсын, олардың аталық, аналық ақысы жалғаса береді. Олар намаз оқымаған болса, қандай да бір күнәларға барса, істегендері үшін Алланың алдында өздері жауап береді. Бірақ, біз оларды ата-ана болғандығы үшін құрметімізді үзбейміз. Алла Тағала сол ананың құрсағынан шығуымызды қалаған болса, ендеше, біздің міндетіміз оларды құрметтеу ғана. Ата-ана дүниеден өтседе, оларға деген жақсылығымыз тоқтамау керек. Бір күні пайғамбарымызға оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын бір кісі келіп: «Уа Алланың елшісі, менің анам қайтыс болды, мойнында бір айлық оразасы қалған еді»- деген кезде, пайғамбарымыз оған: «Сен қалай ойлайсың?, егер анаң біреуге қарыз болса оны қайтарып берер ме едің?», деп сұрағанда, ол: «әрине», дейді. Олай болса, Алланың алдындағы қарызды өтеу ең лайықты іс», деп жауап береді. Кімде-кімнің ата-анасы дүниеден өткен болса, шама келгенше, олардың амал дәптеріне сауап жіберуге үлкен мүмкіншілігі бар. Өйткені амал дәптері жабылмайды. Алла біздерді салихалы етіп өзгертіп жатқаннан кейін олардың аттарынан садақа беріп, болмаса құрбан шалып, кедейлерге таратып берсек те біз дүниеден өткенімізше олар үшін жақсылықтарымызды тоқтатпауымыз қажет. Себебі, жоғарыда аятта келтіргеніміздей, Алла Тағала ата-аналарымызға жақсылық жасауымызды парыз етті. Сондықтан, Алла Тағала бұйырған нәрселердің бәрі орындалуы керек. Алла тыйым салған нәрселердің бәрінен тыйылуымыз қажет. Кімде-кім ата-анасын ренжіткен болса, онда дереу кешірім сұрап, ризалығын алғанымыз жөн болады. Себебі, пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):
«Ата-ананың ашуы – Алланың ашуы, ата-ананың ризалығы – Алланың ризалығы», – деген.
Алла Тағала баршамызға Өзіне ғана құлшылық жасауымызды және ата-анамызға жақсылық қылуымызды нәсіп етсін. Әмин!

Кенжеәлі МУРЗАБАЕВ,
Республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институтының директоры

http://islam-martok.kz/ata-ananyn-razylygy-allanyn-razylygy

Тақырып бойынша мақалалар