“Уақып” қорының президенті мен Алматы қалалық Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Ислам институтында

Республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институына «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорының президенті Айтбай Қайрат Орынбайұлы мен Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Есенбеков Айдар Рақымжанұлы арнайы ат басын тіреді. Кездесуде Ислам институтының ұстазы, шығыстанушы, белгілі ғалым  Ислам Жеменей мырза да болды. Кездесу барысында ислам діні қызметкерлерінің білімін үздіксіз көтеру мәселелері мен әлеуметтік жағдайы туралы мәселелер көтерілді.

Институтымыздың директоры Мырзабаев Кенжеәлі Қоңыратбайұлы қонақтарға институттың тыныс-тіршілігімен таныстырып, еліміздің түпкір-түпкірі мен ТМД елдерінен білімін жетілдіруге  келетін дін қызметкерлері  жайлы сөз етті.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы аясында  құрылған бұл қор коммерциялық емес қайырымдылық ұйымы болып саналады және ол тұрғындардың әлеуметтік әлсіз топтары мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету, діни экстремизм мен радикализмнің алдын алу, кадрлардың кәсіби біліктілігін арттырып, дін қызметкерлерінің әлеуметтік мәселелерін шешумен айналысады.

Қайрат Орынбайұлы еліміздің барлық аймақтарын аралап, діни ахуалмен танысып шыққан-ды. Еліміздің 300-ге жуық имамдары, соның ішінде «қараша-желтоқсан, 2017 жыл» оқу легінде білім алып жатқан 7 имам осы қордың қолдауына ие болған.

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Айдар Рақымжанұлы мен институт ұстазы Ислам Жеменей дін қызметкерлерінің діни білімін жетілдіру мен әлеуметтік мәселелері ортақ, сондықтан бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып атсалысуымыз керек деп көрсетті.

Кездесу институт қонақтары мен білімін жетілдіруші имамдар арасындағы сұрақ-жауап алысумен жалғасты. Жиын соңында Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы қонақтарды алдағы уақытта ел игілі мен бірлігі үшін атқарар жұмыстардың аса жауапкершілікпен атқарылатын сауапты да жауапты екендігін  айтып, қонақтарға сәттілік пен береке тіледі.

Тақырып бойынша мақалалар