Орталық Азияны біріктірген тіл

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы жанындағы Имамдардың білімін жетілдіру Ислам институты, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Шығыстану факультеті және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым Комитеті «Ғылым ордасы» кәсіпорнымен бірлесе отырып 16-28 қазан аралығында «Шағатай тіліндегі мәтіндерді оқу және зерттеу әдістері» атты халықаралық ғылыми практикалық семинар өткізді.
Семинар Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласын негізге ала отырып шағатай тіліндегі қолжазбалар мен бірегей басылымдарды оқып-зерттеу мәселелеріне арналды.
Іс-шара Түркия республикасы, Сиуас қаласы, Жумһуриет университеті, Әдебиет факультетінің профессоры, шағатай тіліндегі қолжазбалардың білікті маманы Билал Южел мырза, филология ғылымдарының докторы, шығыстанушы Ислам Жеменей, қолжазбатанушы-ғалым Мақсұт Шифиғи, Қазақстан Ұлттық универститетінің Шығыстану факультетінің деканы Палтөре Ықтияр Молдатөреұлы және Ислам институтының директоры Кенжеәлі Қоңыратбайұлының қатысумен өтті.
Орталық Азия аумағында халықаралық әдеби тіл ретінде қолданылған шағатай тілінде жарық көрген еңбектерге қол жеткізу – тарих қойнауына терең бойлауға жол ашады. Оның маңыздылығы – халықтың рухани жаңғыруымен байланысты. Шағатай ұлысы өркендеп тұрған кезеңде әдеби және діни шығармалар, ғылыми және заң аясындағы негізгі жұмыстардың барлығы Орталық Азияға тиесілі халықаралық тілде – түркі тілінде жазылды.
Шағатай тілінің жазу үлгісі араб-парыс ширифтін қолданғандықтан төте жазуды және араб терминологиясын жақсы білетін имамдарға қолжетімді. Сондықтан да имамдардың филолог-ғылымдарымен кездесіп, бас қосуы мемлекет Басшысының ұлт алдына қойған мақсатына тура жетуге мүмкіндік береді.
Халықаралық ғылыми практикалық семинар барысында қатысушы “Қараша-желтоқсан, 2017” оқу легінің имамдары шағатай тіліндегі мәтіндерді оқу және зерттеу әдістерімен кеңінен танысып, пікір алмасып, соңында сертификатпен марапатталды.


Имамдардың білімін жетілдіру
Ислам институтының
Баспасөз орталығы

Тақырып бойынша мақалалар