«Қоғам және дін» атты имамдарға арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанындағы Республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институтында Елбасының «Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар» бағдарламасы аясында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің арнайы тапсырмасымен Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының ұйтқы болуымен «Қоғам және дін» атты имамдарға арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар өтті.

Ғылыми-тәжірибелік семинарға ҚМДБ төрағасының орынбасары, найб мүфти Әділбаев Алау Шайқымұлы, Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Есенбеков Айдар Рақымжанұлы, Институтымыздың ұлағатты ұстазы, филология ғылымдарының докторы, профессор Ислам Жеменей, Философия, саясаттану және дінтану институтының дінтану бөлімінің меңгерушісі – Сатершинов Бақытжан Меңлібекұлы, Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, дінтанушы Асылтай Тасболат және Моңғолия республикасы, Баян-Өлгий аймағы, «Бөкентау» мешітінің бас имамы Керейханұлы Серік қатысты.

Ғылыми-тәжірибелік семинардың ашылу сөзін Институт директоры Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы бастап, семинар қонақтарын институттың жалпы тыныс-тіршілігімен таныстырды.

“Дәстүрлі дінімізді жаюда алдыңғы сапта жүрген имамдарымыздың білім алуларына институтымызда барлық жағдай жасалған”– деді, Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы, “еліміздегі бетке тұтар, маңдайалды ұлағатты ұстаздарымыздан дәріс алса, мәдени-танымдық бағдарлама бойынша да имам тұлғасына қажетті шаралар қарастырылған”.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, найб мүфти Әділбаев Алау Шайқымұлы ел алдында Діни басқарманың  айнасы болып табылатын имамдардың білімді де білікті болуында Республикалық ислам институты рөлінің аса зор екенін тілге тиек етті.

“Қазіргі күні қоғамның имам бойынан талап ететін сапалар өте жоғары. Сондықтан да, имамдарымыздың барынша жан-жақты болулары – бұлтартпас талап болып отыр. Бұл жолда үкімет тарапынан да қолдаулар аз емес, қоғамдық орындарда намазханалар ашылуда, оқу гранттары бөлінуде, сондай-ақ Елбасымыздың арнайы тапсырмасымен құралған «Уақып» қоры еліміздегі 300 астам имам-молдаларға, Діни экстермизмге қарсы мамандар даярлайтын курстар мен Ислам институтына зор қолдау көрсетіп отыр”-дей келе, найб мүфти Алау Шайқымұлы болашақта елімізде, мамандарымызды өзіміз дайындайтын отандық дәстүрлі мектебімізді құрудың сәті келгенін, болашаққа бағдар бере алатын маман-кадрлар дайындауға кіру керектігін айтып өтті.

Ел көлемінде көптеген жақсылықтардың бастамасышы болып табылатын Кенжеәлі Қоңыратбайұлына,  Үкімет жұмысында болып, имамдар ілімді болуына әрқашан тілекші болып жүретін Айдар Рақымжанұлына, сондай-ақ, жүрегі мен рухы “қазақ” деп соққан, қазақы дәстүрмен өскен, имамдарға дәріс беруді өзіне қуат деп санайтын Ислам Жеменейге шексіз алғысын білдірді.

 

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Есенбеков Айдар Рақымжанұлы имам рөлі, қоғамдағы дін, діни көзқарастар туралы тараған пікірлер туралы өз пікірін айтты.

Институтымыздың оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Ислам Жеменей Алау Шайқымұлын тағайындалған жауапты да, сауапты жұмыспен шын жүректен құттықтады. Институымыздың ұлағатты ұстазы имамдарға қарата “Қоғамды басқаратын байлар немесе білектілер емес, рухани жетекшілер, басшылар – имамдар, сіздер”-дей келе, “орта Азиядағы тарихи көршілес мемлекеттердің сан ғасырдан бері сүнни-ханафи жолын ұстануы кездейсоқтық емес, осындай көзге көрінбейтін, рухани күш қана бүкіл елді тарихи толқындардан аман сақтап, біртұтастығын сақтай отырып, осы күнге дейін алып келді”, “ал, иммадар қоғамды бірлікке, ынтымақтыққа жеткізу үшін исламның шынайы, діни саф руханиятын түсіну керек. Сонда ғана, имамдар қоғамның рухани көшбасшысына, жетекшісіне айнала алады, сонда ғана, 70 жыл бойы үзілген руханиятымызды, жоғалтқанымызды табамыз”-деді.

Философия, саясаттану және дінтану институтының дінтану бөлімінің меңгерушісі Сатершинов Бақытжан Меңлібекұлы семинардың ашылуына құттықтаулар тілей келе, Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы – мүфтиятың жаңадан құрыла бастаған кезінде-ақ, дін үшін қызметте жүрген, ата-бабамыздан қалған дәстүрлі діни мектебінің түлегі деп білетіндігін, басқарып отырған қара шаңырақтың басты мақсатының Жаратушы Кітабын игеру ғана емес, жаратылыс кітабын да игеру, елге жеткізу екендігін баса айтты.

Бақытжан Меңлібекұлы мемлекетіміз – зайырлы, діннен бөлек дегенімізбен, қоғам діннен бөліне алмайды. Халықтың дінге, руханиятқа деген сұранысы тек артуда. Ал осындай маңызды сәтте халықты, әсіресе жастарды әралуандылықты қабылдау, төзімсіздікті ұстануды сияқты теріс пиғылды ағымдардан сақтандара отырып, діни ұстанымның Қазақстандық үлгісін қалыптастыру мәселесі көтерілуде екендігін атап өтті. Дінді саясиландырудан аулақ болып, көркем мінезділікке жетуге барынша тырысуға ынталандырды.

Моңғолия республикасы, Баян-Өлгий аймағы, «Бөкентау» мешітінің бас имамы Керейханұлы Серік көршілес Моңғолия еліндегі діни ахуалды таныстыра кетті: “Соңғы жылдары Қазақстан елінен білім алған шәкірттер барлығы дерлік мешіттерде имамдық қызметтерін атқаруда. Мұнда да біз Қазақстан имамдарымен өзара тәжірибе алмаса отырып, біліктілігімізді барынша арттыруға қызмет етудеміз”-деді. Мұндай шаралардың жиі өткізілсе оң нәтижелер беретіндігіне сенім білдіріп, «Қазақстан имамдары да Моңғолия еліне де келіп діни ахаулмен таныса кетсе»- деген Моңғолия елінен жалынды сәлемін жеткізді.

Семинар соңында Институтымыздың ұстазы Ислам Жеменей елге, халықымызға дұға тілеп, имамдарымызға Алладан білімдеріне құт жарытсын, жүрекке имам дарытсын, рухани азық іздеген халықыма рухани азығын бере алатын “рухани жетекші” болуды нәсіп етсін деп ақ батасын берді.

 

 

Республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институтының баспасөз орталығы

Тақырып бойынша мақалалар