Имамдарға куәлік табысталды

Бүгін наурыз айының 10-шы күні Алматы қаласындағы Республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институтында «Қаңтар-наурыз 2018» оқу легі аяқталып, Республика көлемінде және көршілес Моңғолия елінен келіп білім алған 84 имамға куәлік табысталды.

Куәлік табыстау салтанатты рәсімінің арнайы қонағы ретінде Қазақстандық «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорының президенті Айтбай Қайрат Орынбайұлы, ҚМДБ Алматы қаласы бойынша өкіл имамы Шоқаев Еркінбек Керімбекұлы, институтымыздың ұлағатты ұстаздары – филология ғылымдарының докторы, профессор, белгілі шығыстанушы, ғалым Ислам Жеменей, тарих ғылымдарының докторы, профессор Кәрібаев Берекет Бақытжанұлы және теология ғылымдарының докторы Мухитдин Исаұлы қатысты.

Ағымдағы оқу жылының басынан бастап Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің және Қазақстандық «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорының тікелей қолдауымен институттың оқу үдерісі жаңа серпінге ие болды: кітапхана қоры қосымша әдебиеттермен толықтырылды, оқу тиімділігін арттыру мақсатында институт базасы қосымша техникалармен жабдықталды.

Оқу барысында Қазақстан облыстарынан келген имамдар Құран, фиқһ және ақида пәндері бойынша білім алып, біліктілігін арттырды. Оқу легі бойынша «Директор атындағы тегін оқу гранты» 8 мешіт қызметкеріне тағайындалды. Соның ішінде Моңғолиядан келген 2 имамға келіп-кету жол шығындары институт тарапынан өтелді.

Кездесу соңында имамдар тарапынан алғыс сөздер айтылып, ақсақал ақ батасын берді.

 

 

Тақырып бойынша мақалалар