Ислам институты – білім қайнар бұлағы 

Ислам институты – білім қайнар бұлағы
Еліміздің еркіндігі бекіп, егемендігін алғалы бері, қазақ елі алып асулардан өтіп, жан-жақты дамуға қарай ұмтылып келеді. Ең алдымен Алланың, содан соң Елбасының қолдауымен дініміз де өрлеу жолынан тыс қалмады. Салты мен әдет-ғұрпы дінмен етене байланысқан халқымыздың діни сусындауына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы үлкен үлес қосып келеді. Осы жолда имамның тұлғасы мен біліміне қарасты мәселелерді реттеу үшін арнайы діни оқу орындары ашылды. Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті білімді мамандар даярлап жатса, тәжірибелі имамдар мен дін қызметкерлерінің біліктілігін жедел түрде жетілдіру мақсатында ҚМДБ жанындағы Имамдардың білімін жетілдіру ислам институты 2001 жылдан бері аянбай жұмыс жасауда.
Ислам институты ашылғалы бері өз білімімді жетілдіруге екі рет келу нәсіп болды. Алғаш рет 2011 жылы, одан кейін 2016 жылы оқу курсынан өттім. «Көш жүре түзеледі» демекші алғаш рет келгенімде білікті оқытушы мамандардың жетіспейтіні және тәртіп мәселелеріне қойылатын талаптар ақсап тұратын. Қазіргі жаңа бекітілген оқу және тәртіп талаптары ислам институтының мақтанарлықтай ілгері жылжығанын байқатты. Осы өзгерістерді институт табалдырығын аттағаннан бастап байқадым. Шәкіртке қойылатын талаптар, нәфсіні бұғаттау, ахлақ мәселелері маңызды жолға қойылған.
Ислам иснтитутының ұстаздар ұжымының қатарында білімді де білікті ұстаздар мен теология және басқа да ғылым докторлары мен профессорларының дәріс бергенін көріп, көзіме жас келді. Қазақ даласында ислам дінінің иісі аңқыған жоғары білімді майталман мамандардың жарқырай көрінгені қуантарлық жай болды. Институт директоры Кенжеәлі Қоңыратбайұлы ахлақ сабағының алғашқы күні «Ислам дінінің көркемдігі және өміршеңдігі имамдардың ахлақтарына, яғни мінездеріне жасырылған» – деген сөзі санамызға өшпестей жазылды.
Ислам институты талаптары білім, тәртіп, ынта деген үш негізден тұрып, имамның діни білімін шыңдауға, өз әріптестерімен қарым-қатынасты жақындастыруға және қоғамдағы рөлін орнатуда баға жетпес қызмет жасап келеді.
Алла Тағаладан мені осы мекемеге үшінші рет дәріс алуды нәсіп етсін деп сұраймын!
Әділов Ардақ,
Қызылорда облысы, Арал ауданы, Бекбауыл ауылы,
«Қонысбай ата» мешітінің имамы
Имамдардың білімін жетілдіру ислам институтының «қазан-желтоқсан 2016» оқу легінің түлегі

Тақырып бойынша мақалалар