Имамдар медиация кәсібімен танысты

Имамдар медиация кәсібімен танысты
5-ші қыркүйек күні Имамдардың білімін жетілдіру ислам институтында еліміздің барлық аймақтарынан білім жетілдіруге келген 50-ге жуық имам-молдалармен ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» респубдикалық мемлекеттік мекемесінің әдістемелік медиация кабинетімен кездесу сабағы өтті. Кездесуге кабинет меңгерушісі Альтекова Нұрсауле Әбдіқадірқызы, Халықаралық құқық қорғау орталығының директоры Жақыпов Жанділда Ағжалиұлы, Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшелері «Ирныхас» осетин мәдени ағарту орталығының Төрағасы Мамсуров Казбек Владимирович пен «Ватандаш» қырым-татарлары орталығының жетекшісі Бабалиев Сейт Умерсанұлы қатысты.
Кездесудің мақсаты білімін жетілдіріп отырған имамдарды медиация жұмысымен және оның қағидаларымен таныстыру. Медиация дегеніміз – жеке және заңды тұлға қатынасын, еңбек, отбасылық және өзге де дауларды сотқа жеткізбей дауды екі жаққа да тиімді шешуге қолданылатын рәсім. Медиатор – тараптар медиация жүргізу үшін тарататын тәуелсіз жеке тұлға. 2011 жылы ҚР арнайы «Медиация туралы» Заңы қабылданды. Осы заңға сәйкес дауласушылардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиаторлардың жәрдемдесуімен дауды реттеу арқылы іске асырылады.
«Бүгінгі аумалы-төкпелі заманда қоғамдық қатынастарды реттейтін ұйым бізге ауадай қажет. Имамдар халық арасында көпір сияқты болып келеді. Осы мақсатта ислам институтының оқу бағдарламасына діни пәндерден бөлек этнография-тарих сынды мәдени-танымдық пәндері қосылып отыр әрі екі ай ішінде жалпы 390-ға жуық сағат игеріледі. Бұл өз кезегінде имамдардың біліктілігін арттыруға үлкен үлесін қосады. Жалпы республика бойынша 6500-ге жуық имам-молдалар бар, осы күнге дейін ислам институтында 1600-ден астам имам білімін жетілдірді. Болашақта имамдардың діни білімін жетілдіру тиімділігін арттыру мақсатында еліміздің төрт аймағында (шығыс, батыс, оңтүстік және орталық) ислам институтының филиалдарын ашу көзделуде. Сондай-ақ, алдағы уақытта да имамдарымыздың біліктілік дәрежесі жағынан бірінші, екінші, үшінші және жоғары дәрежелі болып оқытылуы жалғасын таппақ»- деп атап өтті, жиын басында сөз алған Имамдардың білімін жетілдіру ислам институтының директоры Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы.
«Қоғамдық келісім» РММ әдістемелік медиация кабинетінің меңгерушісі Нұрсауле Альтекова өз сөзінде: «Жалпы біздің бабаларымыз жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпаған. Кез-келген дауды сыртқа шығармай өздері шешіп отырған» – деп дауды басу, оны алдын алу – медиация тәртібі мен мәдениетіне тоқталды.
Халықаралық құқық қорғау орталығының директоры, медиатор-жаттықтырушы Жанділда Жақыпов «Бұл (медиация ред.) кәсіп түрі шет елдерде өткен ғасырдың 60-жылдарынан бері келе жатыр. Өткен ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап кез-келген АҚШ-тың құқық қорғау органдарында келіссөз жүргізуді ұйымдастырушы мамандар болған» – деп түсіндіріп кетті.
Имамдардың медиатор маманы дауды қалай шешетіні жайында, мәселен құқықтық жағынан, өз біліміне не өз ойы деңгейіне сүйене отырып немесе шариғат заңына сай шығарады ма деген сұрағына Жанділда Ағжалиұлы:«Медиатор ешқандай шешеім шығармайды, ол тек бір бітімге алып келеді. Келіссөз жүргізуге көмектесетін тұлға» деп толықтырып кетті.
Шын мәнінде қазақ үшін «медиатор» деген жаңаша атау, бірақ қызмет ретінде қазақ даласында шешендік сөз өнерінің майталмандары Майқы би мен Аяз биден-ақ (XII-XIII ғғ.) бастау алып, сол дәуірде-ақ өз рөлін атқарған.
Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшелері «Ирныхас» осетин мәдени ағарту орталығының Төрағасы Мамсуров Казбек Владимирович пен «Ватандаш» қырым-татарлары орталығының жетекшісі Бабалиев Сейт Умерсанұлы да кездесу барысында барлық ЖОО-ында «Дінтану» пәнін енгізу және мұсылманның тұлғалық келбетін қалыптастыру өзектілігін ұсыныс-пікір ретінде ортаға салды.
Қорыта келе, еліміз имамдары медиация мамандығын қосымша меңгерсе, имам-медиатор ретінде ел ішінде лаңкестік әрекеттердің алдын-алуда, түрлі жат ағымдармен күресте ықпалы, тигізер пайдасы зор болар еді.
Кездесу сабағына қатысушы тараптар мұндай жүздесулердің алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғастыруға мүдделі екендіктерін айтып тарасты.

ҚМДБ жанындағы ИБЖИИ баспасөз орталығы.

Тақырып бойынша мақалалар