ҚМДБ Төрағасы, бас мүфти Ислам институтында имамдармен кездесті

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы Ораз Алматы қаласындағы Республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институтында ел көлемінен және көршілес Моңғолиядан ілім талап етіп келген имамдармен кездесуге арнайы ат басын тіреді. Кездесуде сондай-ақ, ҚМДБ Дін істері және талдау бөлімінің меңгерушісі – Есмағанбет Нұрбек қажы Әуезханұлы, ҚМДБ Іс басқарушысы – Орын Ербосын Бектұрсынұлы және институтымыздың ұстаздары Мұхитдин Исаұлы мен Абдунаим Сейдмұхаммед болды.

Өз сөзін Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадис шәрифімен бастаған Дін басымыз: «Барлықтарың бақташысыңдар және әркім қарамағындағыға жауап береді. Имам (басшы) да бақташы. Ендеше ол да қарамағындағыларға жауапты»1 – дей келе, Алланың үйінде қызмет етуші әр дін қызметкерінің мойнындағы міндеттің сауапты, әрі аса жауапты екендігін атап өтті, «Сананың еркіндігі мен ақпараттық билік үстем боп тұрған қазіргі қоғамда әсіресе өскелең жас буынды түрлі жат пиғылды ағымдар жан-жаққа тартып бағуда. Сондықтан да, осындай кезде халыққа рухани тірек болатын білімді де білікті діндарлар – имамдар аса қажет. Кешегі көне көз қариялардың көзін көрген аға буын мен ертеңгі ел болашағы – бүгінгі жас ұрпақ өзара үндестік тапса болашаққа сеніммен нық қадам баса аламыз».

Кездесу барысында Дін басы адам баласының Жаратушысы алдындағы дәрежесінің имандылық жолында тура жолмен ілім іздеп, дәйім алға жүргенде ғана көтерілетінін айта келе, институтымызда білім алып жатқан барша имамдарды білімге ынталандырды.

Еліміздің имамдарының біліктілігін көтерумен үздіксіз тынбай еңбек етіп келе жатқан Кенжеәлі Қоңыратбайұлы басқарып отырған Ислам институтының орнын, еңбегін жоғары бағалаған Бас мүфти Халқымыз «бір басшыға мың қосшы», «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып елімізді, халқымыздың бірлік-ынтымағы, ертеңгі жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етуге шақырды.

Кездесу соңында қарияларымыз Дін басына ақ батасын беріп, алдағы ел игілі үшін атқарар істеріне Алладан береке тіледі.

1 Бұхари және Мүслім риуаят еткен.

Институт баспасөз орталығы

Тақырып бойынша мақалалар