Қалқаман-2 мешітіндегі Қадір түні

Алланың мейірімі мен кешіріміне толы және пендесінің құлшылығы мен игі амалдары еселенетін – Рамазан айы да аяқталып келеді. Рамазанның соңғы он күні, тақ түндері ішіндегі 27-ші түні – Алланы іздеген пенде Оны еске алып, құлшылығын өтеп, дұға-тілек жасады.
Алла Тағала пендесіне сый еткен мың айдан да қайырлы Қадір түнінде Алматы қаласы, “Наурызбай ауданы, “Қалқаман-2” мешітіне шамамен 3 мыңнан аса жамағат жиналды.
Қадір түні мешіт жамағатына ҚМДБ-ның төраға орынбасары, наиб мүфти Әділбаев Алау Шайқымұлы Құран Кәрім мен хадистерден мысалдар келтіре отырып уағыз айтып, елді иман нұрымен нұрландырды. Филология ғылымдарының докторы, профессор, шығыстанушы Ислам Жеменей мырза ұлт, ислам құндылықтарымен бөлісіп, оны сақтауды насихаттады.
“Қалқаман-2” мешіті басшылары Рамазан айы басталғаннан тарауық намазын оқу үшін арнайы Құран Кәрімді толық жатқа білетін қари Раупов Махматшарифті шақыртты. Қасиетті түні Алла үйінде хатым түсіріліп, мешіт бас имамы, Республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институтының директоры Мырзабаев Кенжеәлі Қоңыратбайұлы хатым батасын беріп, Рамазан айында 30 күн бойы “Қалқаман-2” мешітіне келушілерге ауыз ашар (ифтар) жасаған бауырларымыз үшін жамағатпен Алладан дұға тілеп, олардың изгі амалдарын қабыл алуын сұрады.
Мешіт жамағатына діни уағыз айтқандардың қатарында Кенжеәлі Қоңыратбайұлы, Ислам институты ұстаздары, мешіт наиб имамдары да болды. Уағыз құптан, тарауық намаздары кіретін уақыт алдында басталып, намаздар аяқталғаннан соң жалғасын тауып, таң рауандап атқанша айтылды. Бір сөзбен айтқанда, Алланы еске алу – Қадір түні жайлы хадиске сай жерге періштелер түсірілетін уақыттың бәрін қамтыды.
Жиылған жұрт Жаратушы Алладан кешірім сұрап, еліміздің бірлігі мен кемел де жарқын болашағына, халқымыздың берекесі мен ұрпағымыздың амандығына, өніп-өсуіне дұға жасап, сәресі ішіп, таң намазын оқып тарқады.
Алла Тағала баршамыздың ғибадат-құлшылықтарымызды қабыл етсін!

“Қалқаман-2” мешіті баспасөз орталығы

Тақырып бойынша мақалалар