Қазақстандық имамдардың Америкаға сапары

ҚР Дін министрлігінің септігімен және ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз Сатыбалдыұлының тікелей мұрындық болуымен еліміздің имамдары 2018 жылдың 23-сәуірі мен 11-мамыры аралығында тәжірибе алмасу, ел арасындағы қарым-қатынасты нығайту, АҚШ мұсылмандарының тұрмысымен танысу мақсатында Америка Құрама Штаттарына іс-сапармен барды. Қазақстандық делегат Нью-Йорк, Вашингтон, Колумбия, Мэрилэнд, Дэлавэр, Вирджиния штаттарында өткен түрлі іс-шараларға қатысты.
Қазақстандық делегация қатарында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің діни қызмет саласындағы құқық қолдану практикасы басқармасы басшысы Иманбаев Мейрам Откилбаевич, ҚМДБ-ның бірінші төраға орынбасары, наиб мүфти Өтпенов Наурызбай Тағанұлы, ҚМДБ аппарат басшысы Мажиев Ғалымбек Жәдігерович, ҚМДБ жанындағы Республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институты директоры Мырзабаев Кенжеәлі Қоңыратбайұлы, Қостанай облысы, Ұзынкөл ауданы бас имамы Ажмахан Есенкелді Сақтағанұлы, ОҚО наиб өкіл имамы Керімбеков Ахметжан Пірәліұлы, Ақтөбе қаласның бас имамы Садиев Амантай, Қарағанды қаласының бас имамы Жұмабеков Қабылбек Алипбаевич, Талдықорған қаласы «Нұр» мешітінің бас имамы Данағұлов Алмас Сағидоллаұлы, Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы бас имамы Маманбаев Қайрат Қошкелдиевич болды.

Өркениеттер арасындағы ынтымақтастықпен алмасу қорының (CECF) басшысы Мохамад Башар Арафат Қазақстандық әріптестерінің іс-сапарын барынша мазмұнды етуді көздеп, демалыс күндері де қазақстандықтарды АҚШ және АҚШ мұсылмандары мәдениетімен және түрлі сала өкілдерімен таныстырды. Қазақстандық имамдар АҚШ мемлекеттік департаментінің, БҰҰ-ның, білім ордаларының, полиция және бірқатар ислам, християн дін қызметкерлерімен кездесулер өткізді.

АҚШ мемлекеттік департаментімен кездесу кезінде имамдар ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен отанымыздың бас қаласы Астанада 2003 жылдан бастап халықаралық дәрежеде әлемдік және дәстүрлі діндер съезін бес рет өткізгенін және өзге де елімізде дін аясында өткізіліп жатқан іс-шаралармен бөлісе отыра, еліміздегі мемлекеттік діндер, конфессияаралық келісім мен татулықты жеткізді. Имамдарымыз шетелдіктерді қазақтың бойына сіңген ұлттық құндылықтарымен, төл мәдениетімен, рухани байлығымен таныстырып, бірегейлігімізді көрсетті.

БҰҰ-ында орналасқан тарихи музейге экскурсия жасап, көрмеге қойылған экспозициялармен танысты. Бұл көрмеде Семей ядролық полигонының орын алғаны, әлемдік қауымдастық халқымыздың тарихи қасіретін мойындағанын көрсетеді.

Атақты Мұхаммед Әли ислам дінін қабылдаған мешітте Қазақстандық имамдарға жұма күнгі Алла алдындағы ғибадатты толықтай өткізу бұйырды. Имамдарымыздың бірі азан шақырып, бірі уағыз оқып, енді бірі намазда имамдыққа шығып Алланың берген жұма шарапатымен бөлісті.

Қазақстандық имамдар христян дін өкілдерімен де кездесіп, пікір алмасып отырды. Осындай кездесулердің бірінде имамдар шіркеуге ғибадат етуге жиналған қауыммен танысып, еліміздің мәдениеті және өзге дін өкілдерімен достық қарым-қатынасы жайында сөз етті.

Жалпы өркениеттер арасындағы ынтымақтастықпен алмасу қоры (CECF) 2000 жылы негізін қалап, содан бері американ қоғамын шынайы Алла дінінен құлақтандырып, мұсылман қауымы ұстанымдарымен таныстырып, қоғамды ислам, мұсылман жайындағы жалған ақпараттан қорғап келеді. Осы ретте мемлекеттік, мемлекеттік емес, тәуелсіз ұйымдармен және християн, иудей діни қауымдастықтарымен етене қарым-қатынас жасап, қоғам алдындағы діни түсініспеушіліктерді реттеп келеді.

Қазақстандық имамдар естелік ретінде өкілетті американдықтардың иықтарына ұлттық шапан жауып, қазақтың қонақ жайлылығын көрсетті. Сыйға берілген шапанның бәрі өлшеп алғандай, тура болғаны екі жақты да қуантып әрі таң қалдырған жағдай да болды.

Қазақстандық делегация өркениеттер арасындағы ынтымақтастықпен алмасу қорының (CECF) бағдарламасын толық қамтып, серитификат алып, елге сағынышпен оралды.

 

 

ҚМДБ жанындағы Республикалық имамдардың
білімін жетілдіру ислам институты
баспасөз орталығы

Тақырып бойынша мақалалар