Имамдар «УАҚЫП» қоры президентімен кездесті

ҚМДБ жанындағы Республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институтында «Тамыз-қазан, 2018» оқу легінде білім алып жатқан имамдармен кездесуге «УАҚЫП» Қазақстандық қоры» корпоративтік қайырымдылық қорының президенті Қайрат Орынбайұлы Айтбай Ислам институтына арнайы ат басын тіреді.

Ислам институтының директоры Мырзабай Кенжеәлі Қоңыратбайұлы Қайрат Орынбайұлымен еліміздегі дін аясындағы мәселелер мен дін қызметкерлерінің білімін үздіксіз жетілдіру сияқты маңызды мәселелерді талқылады.

Кездесу барысында имамдар «УАҚЫП» қорының ел көлемінде атқарып жатқан ізгі шараларымен танысты. Айта кетсек, аталмыш оқу легіне 40-тан астам имам, оның ішінде көршілес Ресей Федерациясының Омбы аймағынан 15, Моңғолия мен СҚО-дан 2 имам “институтымыздың тегін оқу грантына” қабылданған болатын.

Ислам институтының оқытушысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Кәрібаев Берекет Бақытжанұлы Қазақстан тарихындағы хандық дәуірдегі маңызды оқиғалар мен тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің абыройын асқақтататын республикалық және халықаралық деңгейде өткізіліп жатқан іс-шараларыға тоқталды.

Қайрат Орынбайұлы Ислам институты басшылығының дін қызметкерлерін оқыту, олардың білімі мен біліктілігін арттыру бағытындағы жұмыстарын жоғары бағалайтынын айтып өтті.

Кездесу соңында Кенжеәлі Қоңыратбайұлы «УАҚЫП» қорының ел бірлігі мен әлеуметтік дамуына қосып жатқан орасан зор үлестеріне ризашылығын білдіріп, білімін жетілдіруші имамдарға сәттілік тіледі.

ҚМДБ жанындағы
Республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институтының баспасөз орталығы

Тақырып бойынша мақалалар