Имамдарға куәлік табысталды

Қазанның 15-жұлдызы күні ҚМДБ жанындағы Республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институтында «Тамыз-қазан, 2018» оқу курсының тыңдаушыларына  куәлік табысталды. Куәлік табыстау рәсіміне қонақ ретінде Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Есенбеков Айдар Рақымжанұлы, ҚМДБ Алматы қаласы бойынша өкілі, Алматы қаласының бас имамы Шоқаев Еркінбек Керімбекұлы және Ислам институтының ғұлама-ұстаздары Пәттеев Мұхитдин Исаұлы мен Бейсенов Бағдат Қабылдаұлы қатысты.

Институт директоры Кенжеәлі Қоңыратбайұлы қонақтарды таныстырып, өз сөзінде: «Жалпы оқуға келетін имамдарымыздың жасы 20-80 жас аралығы. Имамдар 70-80 жасқа келгендеріне қарамай, елді мекендерін, жамағатын тастап, Алматыға екі айға оқуға келіп, білім алып отырғаны барша қазақ еліне және келер ұрпаққа сабақ болып қалары хақ. Осы жолғы «тамыз-қазан, 2018» оқу легінде  45 имам білімін жетілдірді. Оның ішінде 12 имам Ресей Федерациясы, Омбы облысынан және Моңғолия елінен келді.

Екі айлық оқу курсы барысында Ислам институты білім бағдарламасымен институт ұстаздары оқуға келген дін қызметкеріне ең маңызды деген тақырыптарды тереңдетіп түсіндіріп, көкейкесті сұрақтарына жауап беріп отырды. Алған білімдеріңізді халықты руханиятқа шақырып, дәстүрлі дінді және еліміздің құндылықтарын дәріптеулеріңізде сәттілік тілеймін» – деп имамдарға сәттілік тілеп, сөз кезегін Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарма басшысына берді.

Айдар Рақымжанұлы сөз басын имамдарға жүктелген жауапкершіліктен бастап, былай деді: «Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев еліміздің Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына және бекітілген имамдарға жауапты міндетті тапсырып отыр. Сондақтан да имам-кадрларымыз білімді де білікті, құзіретті болуы керек.

Алматы қалалық әкімшілігінің Дін істері жөніндегі басқарма басшысы ретінде  Ислам институтына өңірлерден және шетелдерден келетін имамдармен жиі кездесіп, өңірдің тыныс-тіршілігімен, негізгі мәселелерімен танысып отырамын. Қазіргі таңда дін қызметкерлерінің білімін үнемі жетілдіріп отыратын осындай ислам институтының болуы өте маңызды. Себебі, мұнда діни және зайырлы пәндер ғылымдарының докторлары, профессорлар және магистрлер жоғары деңгейде дәріс беріп, имамдардың білімін тереңдетіп отырады».

ҚМДБ Алматы қаласы бойынша өкіл имам Еркінбек Керімбекұлы бітіруші имамдарды құттықтап, білім алудың және ол білімді дәріптеудің Алла Тағаладан келген парыз екенін және қоғамның ақиқатты тануында имамдардың себепші болуына міндеттілігін айтты. Бүгінгі зайырлы қоғамымызда ел іргетасының беріктігі мен дін тұтастығы жолында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфтиіміз Серікбай қажы Сатыбалдыұының бастамасымен атқарылып отырған игі шаралардың қатарында дін қызметкерлерінің білімін үздіксіз жетілдіріп отыру жолында білікті де тәжірибелі Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлыұлының, институт ұстаздар ұжымының қызметін жоғары бағалап, зор табыстар тіледі. Еркінбек Керімбекұлы: «Тал бесіктен жер бесікке дейін білім ал»  деген бабалар өсиетінің өзі ислам негіздерінен тараған. Кеше ғана өмірден озған, беделді жазушы – Шерхан Мұртаза ағамыз: «Толдым деген төгіледі, жеттім деген жығылады» – деп айттқан сөзінен имандылық пен сабырлыққа шақыруын анық көреміз.,  сіздерге Ислам институтында білім жетілдірді деген куәлікпен қоса, алған білімдеріңіз де аманат ретінде табысталып отыр. Себебі, Алла Тағала Құран Кәрімде: «Момын мұсылмандардың барлығы білім іздеп жолға шығып кетуге міндетті емес. Егер олардың ішінен белгілі бір топ білім үйренейін деп жолға шығатын болса, олар өз қауымына оралған соң, алған білімімен пайдасын тигізу міндет болады» – деп  сөзін бекітті.

Институтымыздың ғұлама-ұстаздары Мұхитдин Исаұлы мен Бағдат Қабылдаұлы да имамдарды құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Жиын соңында, ақсақалдан бата алып, ұстаздар имамдарға сәт-сапар тілеп, елімізге дұға жасады.

 

Ислам институтының баспасөз орталығы 

Тақырып бойынша мақалалар