Имамдарға арналған кезекті халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар

2018 жылдың 19 желтоқсаны күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанындағы Республикалық имамардың білімін жетілдіру ислам институтында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 27 жыл  және Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларының аясында «Рухани тәрбие және имам»  атты имамдарға арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар өткізілді.

Семинарға  Институт директоры Мырзабай Кенжеәлі Қоңыратбайұлы, Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, академик ғалым  Айтбаев Өмірзақ Атбайұлы, «НұрМұбарак» Египет ислам мәдениеті университеті проректоры Қайрат Құрманбаев, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Шығыстану факультетінің деканы Палтөре Ықтияр Молдатөреұлы мен тарих ғылымдарының докторы, профессор Кәрібаев Берекет Бақытжанұлы,  Ислам институты ұстаздары Бейсенов Бағдат Қабылдаұлы, Юлдашев Тайыржан, сондай-ақ Моңғолия реcпубликасы мен Ресей Федерациясы, Омбы өңірінің дін қызметкерлері  қатысты.

Семинар модераторы Кенжеәлі Қоңыратбайұлы «Семинар барысында Елбасының мақалалары аясында қазақ халқының тарихи құндылықтарын жаңғырту мақсатында ислам және тарихи сана, ұлы даланың ұлы есімдері, ислам және мәдениет мәселелері талқыланады» – деп сөз кезегін Ө.Айтбайұлына берді.

Өз сөзінде Өмірзақ Атбайұлы: «Атақты шығыс ғұламасы М.Қашқари «тәрбие басы – тіл» деген екен. Ана тіліміздің тәрбиелік мәні мен адамгершілікті шыңдаудағы айрықша қасиетіне көңіл бөлген  қазақтың данагөй бабалары қалдырған сөздері, сондай-ақ бір сөзін алып тастауға не алмастыруға болмайтын мақал-мәтелдеріміз бен мәдени мұраларымыз бар.

Елдің құнын екі-ақ ауыз сөзбен шеше білген бабаларымыздың бүкіл өнер тіршілігіне тірек еткені – тіл. Өйткені, ана тіл – қазақың ең басты құндылығы. Қазақ өз ұрпағын дөп сөйлеуге баулыған. Қазақ тілінің тәрбиелік қасиетін қазақ билері мен шешендерінің сөз саптау қабілетінен айқын аңағаруға болады» -дей келе тілдің ұлтты тәрбиелеудегі айқын мысалдарын билердің қалдырған шешендік өнерлерінен көрсете кетті.

Ғылым докторы Қайрат Құрманбаев: «Осы іс-шараның,  әуелі имамдар үшін әр саланың майталман мамандарын жинап, ой толғатып отыруының өзі үлкен ғанибет»– дей келе, іс-шараны ұйымдарстырып отырған институт басшалығына өз алғысын білдірді. «Руханият қашан да өзінің маңыздылығын жоймайды. Ал ұлт руханиятының діңгегі – дін. Қай кезеңді, қай қоғамды алып қарасақ та дін руханияттың өзегі болып келген. Қазақ руханиятының да, дүниетанымын да, қазақ мәдениетінің де өзегі – ислам діні. 

Дін – өркениет, мәдениет, ғылым-білімді үндейді. Осыны түсіндіретін негізгі фактор – тіл. Діни мәтін араб тілінде. Оны қоғамға жеткізуде проблемалар туындап отырады. Діни мәтінді дұрыс интерпретацияламау радикалды топтардың пайда болуына әкеледі. Дінді түсіндіруде ғұрыптың да үлкен рөлі бар. Діннің  тілдік, шариғи және ғұрыптық мағынасы болады. Адамның қанына, сүйегіне сіңіп кеткен әдет-ғұрыптарды бір күнде, бір айда, бір жылда алып тастау мүмкін емес. Дін деген мағына. Қазіргі проблеманың барлығы дінді біз форма мен шектедік. Форма қоғам, заман, уақыт, кеңістік және ғұрыпқа қарай өзгеріп отырады. Егер дінді формамен шектесек, онда діннің өміршеңдігін жойдық. Егер кез-келген әдет қоғамға жат болса, онда ол – мәкруһ, – деп ғалымдарымыз айтып кеткен» – деп имамдарға қалыптасқан әдет-ғұрыптың салмағын саралап, мағынасын мазмұндауды айтты.

Берекет Бақытжанұлы: «”Қазақ” атты этнос “Қазақ хандығы”, “қазақ халқы”  XV ғасырдың ортасында тарихи кезеңді аяқтап, этникалық сипат алды. Қазақстан жерінде этникалық даму кем дегенде қола дәуірінің ортасынан басталған екен. Этникалық даму үшін бірнеше шарттар керек. Оларға этноэлементтер, ортақ кеңістік, тілдік ұқсасатық, ортақ мәдениет керек және қозғаушы күш керек. Бір қызығы тура осы этно қозғаушы күштер Қазақстан аумағында әлі күнге дейін келе жатыр, тек 1929 жылғы Совет үкіметінің Қаулысынан кейін қозғаушы күштерді тоқтатты. Яғни көшпелі мал шаруашылығы Қазақстан аумағында қола дәуірінің ортасында болған.

VII ғасырдан, яғни 715 жылдан бастап Орта Азия мен Қазақстанға ислам діні келе бастады. Түркі қағанатынан кейінгі екінші империя – Алтын Ордада исламның таралуы ешбір күштеусіз жүрді. Өзбек ханның тұсында Алтын Орда халқы жүз пайыз ислам дінінде болған, сол үшін де қазақта «дін Өзбектен қалды» деген сөз бар. 3 мың жыл бұрын басталған этнопроцесс, саяси тарих XV ғасырдың ортасында өзінің этникалық мәресіне жетті. XV ғасырдың ортасынан бастап барлық жазба деректерде бізді – «қазақтар», жерімізді – «Қазақстан» дей бастады.    Осы атау біздің санамызға сіңгені сондай, тіпті кешегі мемлекетімізден айрылған ХІХ ғасырда «қырғыздар» деп атағанымен, біздің санамызда «Алаш» не «қазақ» болып қала берді» – деп этносаяси тарихтың дамуындағы исламның рөлі туралы кеңінен айтып берді.

Бағдат Қабылдаұлы: «Қазіргі таңда имамды құзіретті түрде дайындауға басты назар аударылуда. Себебі, имам ең біріншіден  халықтың рухани әлемін тәрбиелеуші және де тура жолды бағыттаушы. Қоғамды дейструктивті  ағымнан қорғаудың әдісі  – зайрлы мемлекетке сай діни қызметті ұйымдастыру, діни уағызды жүргізу және ұлттық  әдет-ғұрыптарымызды ұстана отырып, келесі ұрпаққа жеткізу. Осы ретте тіл мен дін ұлтты қалыптастырушы құрал болып қала беретінін естен шығармауымыз тиіс»  – деп сөзін аяқтады.

Ресей Федерациясынан келген имамдар өз арнауларын оқып, алғыстарын білдірді.

Семинар соңында келген қонақтарға институт атынан сыйлық табысталып, ақсақал имамдар батасын берді.

 

 

ҚМДБ жанындағы

Республикалық имамдардың білімін жетілдіру

Ислам институты баспасөз орталығы

Тақырып бойынша мақалалар