Рәтбек қажы Нысанбайұлы имамдармен кездесті

ҚМДБ жанындағы Республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институтында “қаңтар – наурыз, 2019 ж.” оқу легінде оқып жатқан имамдармен Рәтбек қажы Нысанбайұлы кездесті. Рәтбек қажы Нысанбайұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тұңғыш төрағасы, бас мүфтиі,  дін жолында халқымызға зор еңбегі сіңген тұлғалардың бірі.

Институт директоры Кенжеәлі Қоңыратбайұлы: “”Қаңтар-наурыз, 2019 жылғы” оқу  легінде 68 имам білім алып жатыр, оның ішінде  Ресейден -13, Моңғолиядан – 4 имам бар. 68 мешіттің имамын оқыту демек, 68 мешіттің жамағатын оқыту деген.

            Бекітілген оқу бағдарламасын жүзеге асыруда институт директоры, барлық қызметкерлері бірге жұмылып, қызмет етудеміз. Кез келген салада білім беріп, тәжірибеге назар аудармауға болмайды. Сол үшін Рәтбек қажы Нысанбайұлын имамдармен жеке кездесуге шақырып отырмыз. Қоғамда теріс діни ағымдардың бет алып кеткен уақытында, сіздің (Рәтбек қажы ред.) дін саласындағы мол тәжірибеңіз бен ақылдарыңызды тыңдап, тағылым алу имамдар үшін таптырмас ілім екені рас”  – деп  сөз кезегін хазіретке ұсынды.

Рәтбек қажы Нысанбайұлы өз сөзінде Қазақстанға исламның енуін келесі төрт кезеңге бөліп көрсетті:  “Қазақ жеріне ислам діні бірінші, 673 жылы Уакаша  Исада атты сахаба алып келген. Екінші, 715 жылы Құтай бата Ибн Мүслім арқылы, үшінші, 751 жылы қазіргі Жамбыл облысының аумағына Ибрахим Бахили  келіп, сол аймақты исламға шақырады. Ал төртінші кезеңінде IX-X ғасырларда Қарахандар алып келіп, ислам дінін мемлекеттік дін деп жариялайды” – деп тарихқа тоқталып, кейбір мәселелерді ахлақ, фиқһ арқылы түсіндіріп кетті.

Кездесудің басым бөлігі сұрақ-жауаппен өтті. Имамдар көкейлерінде жүрген: өзге дін өкіліне тұрмысқа шыққан қыздың діні қандай болады және ол қайтыс болған кезде қай дінге сай соңғы сапарға аттандырады? Отбасы, ажырасу, жаназа, қайтыс болған адамға арнап жеті күні мен қырық күнін өткізу мәселелеріне қатсты күрделі сұрақтар қойып, нақты жауаптарын алды.

Жиын соңында Рәтбек қажы Нысанбайұлы халқымыздың ынтымағы мен бірлігін тілеп, имамдарға білімнің адамға әрбір секунд керек екенін айтып, ақ батасын берді. Имамдар да ислам ғұламаларының қатарынан орын алған Рәтбек қажыға ізгі тілектерін білдіріп, осы жиынды ұйымдастырған институт директоры, Рәтбек қажының алғашқы  шәкірттерінің бірі Кенжеәлі Қоңыратбайұлына алғыстарын білдірді.

  

https://www.muftyat.kz/kz/news/16427

 

 

Республикалық имамдардың білімін жетілдіру

ислам институты баспасөз орталығы

Тақырып бойынша мақалалар