Сансызбай Құрбанұлымен кездесу

Республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институтының директоры Мырзабаев Кенжеәлі Қоңыратбайұлы қажы: «Қаңтар-наурыз, 2020» оқу легіне еліміздің жан-жағынан 53 дін қызметкері қабылданды, оның 8-і Ресей Федерациясынан және Моңғолия елінен келді. Білімін жетілдіруге келген барлық дін қызметкерлері  сараптамадан өтіп, білім деңгейлері анықталып, барғдарлама бойынша білім алуда.

Ислам иснтитутының оқу бағдарламасына сай имамдар мен ҚМДБ әкімшілігі, ғалымдары арасында  түрлі форматтағы кездесулер, сұхбаттар ұйымдастырып отырамыз.

Осы топтың оқу бағдарламасына арнайы енгізілген тақырыптардың бірі – шариғи үкім, пәтуа беру мәселелерін жетік түсіну мақсатында  ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі, ҚМДБ ғұламалары кеңесінің және РАНТ мүшесі – Сансызбай Құрбанұлын шақырдық. Бұл сала  күнделікті халықтың сұранысына жауап беруді қамтиды»  – деп сөз бастады.

Кездесудің негізгі тақырыбы қазіргі қоғамда белең алған – отбасы мәселелері болды.

«Ислам дінінде отбасын құрудың өзі – ғибадат. Оның өзіндік түрлері болады, олар: парыз, сүннет, мәкрух және харам.

         Отбасын асырай алатын кісінің ауыр күнәдан аулақ болуы үшін үйленуі парыз болса, денсаулығы да, материалдық жағдайы да бар адамға ауыр күнә жасау қауіпі болмаса да үйлену – сүннет. Ал денсаулығы бар, бірақ дүниесі жоқ кісіге – мәкруһ болса, денсаулығы жоқ кісіге  харам болады» – деп некелесуді физиологиялық және материалдық тұрғыдан қарастырып, оның сипаттарына жеке-жеке тоқталып, қарапайым өмірде кездесетін мысалдармен бекітті.

Жиын соңында білімін жетілдіруші имамдар көкейде жүрген өзге де  сұрақтарын қойып, естелік суретке түсті.

 

Тақырып бойынша мақалалар